553
Мақсаты: Оқушыларға Қазақстан Республикасы әлемде ең алғашқы мемлекеттердің бірі болып сырттан келген басқа ұлт өкілдеріне алтын бесік болғандығын ұғындыру. Қазақстандық патриотизмге, елін, жерін сүюге және халқын құрметтеуге тәрбиелеу. Басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, әдет-ғұрпын сыйлауға үйрету
Көрнекілігі: Плакатқа жазылған тақырып, қанатты сөздер, гүлдер, шарлар, ұлттық киімдер
БАРЫСЫ:
І жүргізуші: Қайырлы күн, ардақты ұстаздар, ата-аналар, оқушылар!
ІІ жүргізуші: Құрметті қонақтар мен оқушылар! Қазақстан Республикасын мекендеген ұлттар мен ұлыстар достығы және бірлігіне арналған «Бірлігі бар ел азбас» атты тақырыбындағы салтанатты жиынымызға қош келдіңіздер.
І жүргізуші: Қазақ жері – қонақжай төрдің жері,
Қазақ елі – қас сақтай ердің елі.
Толқынында тарихтың қуғын көрген,
Барша ұлтқа құт мекен болған еді.
Зобалаңда көп шеккен қасіретті,
Ұлт ұрпағы өнерлі, өсиетті.
Риза көңілменен елге деген,
Арнайды барша халқы ақ тілекті.
ІІ жүргізуші: Қазақстан Республикасында қазіргі таңда 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар мекендейді.Тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды.
І жүргізуші: Нәсілдерге нәсіл болсын нұрлы күн,
Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын.
Татулығын жырға қосам ұлттардың,
Мақтан қылып ұлыстардың бірлігін.
ІІ жүргізуші: Тілі бөлек болған менен тілек бір,
Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл.
Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ,
Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр.
І жүргізуші: Ұлт аралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмағай. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен.
ІІ жүргізуші: Сөз кезегін біздің білім ордамыздың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұртбаева Лаззат апайға береміз, көпшілікке деген жүрекжарды ақ тілегіңізді білдіру үшін өзіңізді ортаға шақырамыз.
І жүргізуші: Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен күн түрілген.
Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.
ІІ жүргізуші: Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толды. Бұл – қажырлы еңбектің, төзімділік пен жеңістің 25 жылы. Егемен ел бесігі жыл өткен сайын еңсесін биіктетіп келеді.
І жүргізуші: Алғашқы кезекті өзіміздің ұлттық биімізді шашу ретінде жолдайтын өз ұлтымыздың өкілдеріне берейік.
Ұлттық би: «Қара жорға»
Мерекелік құттықтау сөз кезегі ардагер – ұстазымыз Иманқұлова Ұлтуар апайға беріледі.
ІІ жүргізуші: Құрметті қонақтар! Бүгінгі кешімізде біз 5 ұлт өкілдерінің басын қосып отырмыз. Әрине, қазіргі таңда елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады.
І жүргізуші: 1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызды зор құрылым.
ІІ жүргізуші: Ортақ мекен жер шары,
Төбемізде бір аспан.
Барлық ұлттың баласы,
Достығымыз жарасқан.
Ортақ бізге бір отан,
Ортақ жердің байлығы.
Еңбек ортақ, жыр ортақ,
Ортақ бізге барлығы.
І жүргізуші: Байлықтың ең үлкені – халықтар достығы,- дей отырып, орыс биін тамашалауға шақырамыз.
Орыс биі, орындайтын 6-сынып оқушылары
Мы дружной семьюй живём в Казакстане,
Татары, уйгуры и русские с нами.
Так пусть же крепнет во веки веков
Дружба народов всех возрастов
Сөз кезегін орыс ұлт өкіліне берейік.
ІІ жүргізуші: Елім менің, жарқыраған, жайнаған,
Бақ біткенде бұлбұл құсы сайраған.
Елім менің биіктігі шарайнам,
Қыран құсы көгінде мың самғаған!
Бүгін біздің мерекемізге өзбек ұлтының өкілдері келіп отыр. Олай болса, кезекті өзбек ағайындарға береміз.
Өзбек биін тамашалаңыздар!
І жүргізуші: Ағайын – туған – бар адам,
Адалдық үшін жаралған.
Бар қымбат туыстық,
Баянды болсын тыныштық!
ІІ жүргізуші: Республикам менің,
Республикам менің,
Айбатым!
Көркіңді көрсе – мейірі көздің қанатын!
Қуат бар сенде лапылдап от боп жанатын,
Шуақ бар сенде достасып бірге табатын!
Сахнамыздың төріне лезгинка биін орындау үшін 7-сынып оқушыларын шақырамыз.
І жүргізуші: Тілегі бір,
Жүрегі бір,
Достармен біз біргеміз.
Туыс барда құрыштан да,
Берік біздің іргеміз!
Жер – анамыз жасайды тарлық кімге,
Кетпеу үшін мәңгілік қалқып түнде.
Қайталанып, жаңарып айтылады,
Бейбітшілік деген сөз барлық тілде,- дей отырып, кәріс биін тамашалауға шақырамыз.
ІІ жүргізуші: Келесі сөз кезегін бүгінгі мерекемізге келген қонақтарымызға береміз.
І жүргізуші: Тағдырдың тезіне, қолдан жасалған тозақтың өзіне шыдаған елміз. Бабалар рухына бас иіп, Алладан медет сұраған елміз!
ІІ жүргізуші: Халқы жомарт, даласы дархан, орманы қорған, таулары қалқан болған ақ бесік атамекені бар, сол мекенде жусанның жұпар иісін иіскеген, өздігінен ешкімге тиіспеген елміз!
І жүргізуші: Шыдамының шегіне жеткенде, намыс оты еті түгелі сүіегінен өткенде, кеудесінде жанар тауы жарылып, көзінің алды қанталап, өзіне қарап анталап тұрған жаудың алысқанының ауызына ұрып, жұлысқанның жұлынын жұлып бір-ақ тоқтаған қазақпыз!»
ІІ жүргізуші: Сондықтан да біздің мемлекет кешегі бабаларым табыстаған, сәт сайын, сағат сайын қарыштаған Тәуелсіз Қазақстан!
Хор «Атамекен»
І жүргізуші: Мерекемізді қорытындылау үшін сөз тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Л. Жұртбаева апайға беріледі.
ІІ жүргізуші: «Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек» деп көргенділікпен Елбасымыз айтқандай, біз сияқты көп ұлтты мемлекеттің даму болашағының бір көзі – Қазақстан халықтарының бірлігі.
І жүргізуші: Қазақстан сияқты жас мемлекеттің өркендеуінің бір кепілі еліміздегі ынтымақтастық пен бейбіт өмір!
ІІ жүргізуші: Ендеше, бейбітшілік жасасын!
І жүргізуші: Ынтымақтастық жасасын!
ІІ жүргізуші: Қазақстан жасасын!
І жүргізуші: Қазақстан халықтарының бірлігі жасасын!
ІІ жүргізуші: Осымен, бүгінгі мерекелік кешімізді аяқтаймыз.
І-ІІ жүргізуші: Сау - саламатта болыңыздар!